Сөздік құрам мен сөздік қор

Тілдегі сөздердің тұтас жиынтығы сөздік құрам не лексика деп аталады.

Сөздік құрам белгілі бір халықтың тұрмыс жағдайын, күнкөріс тіршілігін, кәсібін түгел қамтып көрсетеді.

Қазақ тілінің сөздік құрамына ғасырлар бойы сақталып келе жатқан байырғы сөздер де, кірме сөздер де, кейін пайда болған неологизмдер мен терминдер де, әдеби сөздер мен ауызекі сөйлеу тіліне тән қарапайым сөздер де, диалектілер де, кәсіби сөздер де, қысқасы, тіліміздегі барлық сөз қабаттары енеді.

Сөздік құрам өз ішінен бірнеше топқа бөлінеді:

сөздік құрам сөздердің қолданылу жиілігіне қарай:

актив сөздер

пассив сөздер

Сөздің әдеби және әдеби еместігіне байланысты:

әдеби лексика

диалектілік лексика

Сөздің халыққа таныс және онша таныс еместігіне байланысты:

жалпыхалықтық

арнаулы лексика

Тілдегі сөздің жұмсалу аясы мен көркемдік мәніне қарай:

бейтарап сөздер

экспрессивті сөздер

Қазақ тіліндегі барлық сөздердің жиынтығы сөздік құрам болса, негізгі сөздік қор оның негізгі ұйымдастырушысы, қайнар бұлағы, шығу арналарының ең маңызды бөлігі болып табылады.

Негізгі сөздік қорға түркі тілдеріне ортақ сөздер: тау, тас, көл, түн, ай, жыл, жүр, көк, төрт, мен, сен, ол, т.б. сөздер кіреді.

Сонымен қатар ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан қазақтың байырғы төл сөздері:

Туыстық атаулар: аға, іні, құда, жиен, немере, т.б.

Жануар атаулары: түйе, жылқы, сиыр, т.б.

Ағаш атаулары: тобылғы, емен, т.б.

Киіз үй атаулары: шаңырақ, кереге, т.б.

Жұмыс құралдары: күрек, балға, балта, т.б.

Сапалық сындық атаулары: жақсы, жаман, т.б.

Тұрақтылық. Оған бірнеше ғасырлар бойы өмір сүріп, барша ұрпақ үнемі қолданып келе жатқан сөздер кіреді: Ат, ер, сіз, өзім, теріс, күн. Бұлар ескерткіш тілдерінде де кездеседі.

Сөз тудыруға ұйытқы. Негізгі сөздік қор болмаса сөздік құрам молайып байымас еді. Күн – күндіз, күнгей, күнім, күндік, күндес, күнелту, күнделік, күнара, т.б.

Жалпыхалықтық сипат. Сөздік қордағы сөздер қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың барлығына түсінікті, мұнда қызметі, кәсібі, жасы дегендерге шек қойылмайды.

Ондағы сөздерге стильдік қабаттасулар тән емес, яғни жалпыхалықтық болған соң, лексиканың ең негізгі саласы, жалпы қолданыстағы сөздер.